Алматы, 2017 жылғы 22 қараша – «Кселл» акционерлік қоғамы («Кселл» немесе «Компания», LSE, KASE: KCEL), нарықтағы үлесі мен абоненттерінің саны бойынша Қазақстанның телекоммуникациялық нарығындағы көшбасшы, Директорлар кеңесінің, несие беру талаптарын өзгерте отырып, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы 42 млрд. теңге мөлшеріндегі несиелік желіні ұзарту туралы шешім қабылдағандығын хабарлайды.
Жаңа келісімге сәйкес, несиелік желінің мерзімі 2022 жылғы 2 желтоқсанға дейін ұзартылады. Несиелік желі аясындағы барлық қолданыстағы және жаңа қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 12,5%-ға дейін (14,5%-дан) төмендейді, бұл ретте келісім аясындағы жаңа транштарды өтеу мерзімі 36 айға дейін артады.
Толығымен жаңғыртылатын несиелік желі, 4G LTE лицензияларын алуға жұмсалатын күрделі шығындарды және/немесе 4G LTE лицензияларына жұмсалған алдыңғы күрделі шығындарды қайта қаржыландыруды қоса алғанда, операциялық және күрделі шығындарды қаржыландыруға бағытталады.
Директорлар кеңесі сондай-ақ «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен жасалған несие беру туралы келісім аясындағы 8 млрд. теңге мөлшеріндегі несиені өтеу мерзімінің 2019 жылғы 2 желтоқсанға дейін ұзартылуын мақұлдады.
Анықтама үшін
| Кселл | |
| Инвесторлармен байланыс | |
| Ирина Шоль | Тел: +7 727 2582755, ішкі 1002Investor_relations@kcell.kz |
| БАҚНаталья Еськова | Тел: +7 727 2582755, ішкі 1902Pressa@kcell.kz |
| Шетелдік БАҚ | |
| Instinctif Partners | Tel: +44 207 457 2020 |
| Кей Ларсен / Галина Кулачек / Эдриан Даффилд |
Компания туралы
Кселл мобильді дауыстық байланыс, қысқа хабарламалар жіберу қызметтерін, мультимедиялық хабарламалармен алмасу және мобильді контентке қолжетімділік сияқты қосымша қызметтерді, сондай-ақ деректерді беру, соның ішінде Интернет желісіне қолжетімділік қызметтерін ұсынады. Нарықта Компания екі брендпен ұсынылған: нысаналы аудиториясы корпоративтік клиенттер (соның ішінде мемлекеттік мекемелер) болып табылатын Kcell және бұқаралық нарық абоненттеріне бағдарланған Activ. Компания ҚР-ның халық қоныстанған бүкіл аумағын дерлік қамтитын өзінің кең ауқымды жоғары сапалы мобильді байланыс желісінің көмегімен қызмет көрсетеді.
2012 жылғы желтоқсан айында Кселл Лондон қор биржасында GDR (жаһандық депозитарлық қолхаттарын) және Қазақстан қор биржасында жай акцияларын сәтті орналастырды. Баға бір GDR үшін 10,50 АҚШ доллары және бір акция үшін 1,578.68 теңге көлемінде белгіленді, бұл ретте бір GDR бір акцияға сәйкес келеді. Орналастыру TeliaSonera компаниясының Кселл акционерлік капиталының 25%-дық үлесіне сәйкес келетін 50 млн. дана санындағы акцияларды сатуын қамтыды.
Алдағы уақытта Кселл Қазақстанда мобильді деректерді беру қызметтерінің сегменттерінде айтарлықтай өсу әлеуетінен пайда алуды жоспарлап отыр. Компания желілік қамтуды кеңейту мақсатында өзінің 3G/4G желісін дамытуға және жоғары сапалы байланыс қызметтерін ұсынуға инвестициялауды жалғастырады. Кселл өз өнімдері мен қызметтерін бәсекеге қабілетті бағалармен ұсынып, өнімдері мен қызметтерінің ассортиментін кеңейтіп, өз желісінің жоғары сапасын қамтамасыз етіп және өз брендінің құндылығын арттырып, түсім көлемі мен абоненттерінің саны бойынша мобильді байланыс нарығындағы өзінің көшбасшылық ұстанымдарын қолдауға ұмтылады.