«Кселл» Ericsson компаниясымен бірге Алматы қаласының орталығында пилоттық жобаны іске қосты. Narrow Band Internet of Things (NB-IoT) – бұл Интернет заттары (IoT) аясында қарым-қатынас жасау үшін арнайы әзірленген ұялы байланыс стандарты. Желі бір уақытта жүз мыңдаған құрылғыларды қосуға мүмкіндік береді, бұл ретте энергияны үнемдейтін технологиялар олардың бір батареядан 10 жылға дейін жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
«Бұл – «Кселл» болашақта Интернет заттары экожүйесін құруды жоспарлап отырған желіні кеңейтуге жасалған маңызды қадам. NB-IoT енгізу былтырғы жылдың күзінен басталды. «Кселл» және Ericsson бағдарламалық жасақтаманы іске қосу, жабдық параметрлерін баптау және абоненттік құрылғыларды тестілеу бойынша бірге жұмыс істеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында «Кселл» серіктестері – IoT құрылғылары мен тұжырымдамаларын әзірлеушілер- құрылғыларды сынауға және NB-IoT чиптері негізінде жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік алды. Қазір біздің желімізде ауыл шаруашылығында да, клиенттердің күнделікті өмірінде жеке пайдалануға арналған пайдалы трекерлер пилоттық сынақтарынан өтіп жатыр», – деп көрсетті «Кселл» АҚ Бизнес нарықты дамыту жөніндегі директоры Вадим Лю.
NB-IoT желілік сигналы бір базалық станцияның қамту аймағында ондаған мың құрылғыларға қызмет ете алады. Ол тіпті қолжетімділігі қиын жерлерге – жертөлеге, жер асты автотұрақтарына да өтеді. NB-IoT стандарты «ақылды» ғимараттар, «ақылды» өнеркәсіп үшін өндірістік және тұтынушылық сценарийлерді құруға, ТҮКШ инфрақұрылымын оңтайландыруға, қоршаған ортаны қорғауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Интернет заттары» өнеркәсіптің барлық салаларын дамытып, экономиканы өркендетіп, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға кең мүмкіндіктер ашады. Ericsson Mobility Report мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде 1 миллиард IoT байланысы бар, ал 2024 жылдың соңына қарай олардың саны 4,1 миллиардқа дейін өседі, оның 45% жаппай Интернет заттары сегментінде болады. Бұл ретте барлық салаларға IoT, ең алдымен, 5G мобильді технологиялары негізінде енетін болады. Интернет заттары саласындағы біздің «Кселл» бірлесіп жүзеге асыратын пилоттық жобаларымыз қазақстандық қалалар тұрғындарының жаңа технологиялар беретін артықшылықтарды бірінші болып бағалауына мүмкіндік береді», – деді Қазақстандағы Ericsson компаниясының вице-президенті, бас директоры Айдын Абжанбеков.
IoT-ді пайдалануға дайын сценарийлер «ақылды қала» тұжырымдамаларын қамтиды. Оларға қалалық ортаны өмір сүруге ыңғайлы ететін түрлі зияткерлік шешімдер кіреді. Оларға тұрақтар үшін орынды пайдалануды оңтайландыратын «ақылды» көлік тұрақтары, «ақылды» жарықтандыру, қала тұрғындары тұтынатын судың сапасын бақылайтын «ақылды» сумен жабдықтау жүйелері, автобустың келуі туралы нақты ақпарат беретін аялдамалар – «ақылды» автокөліктер жатады. Өнеркәсіпте бұл – ақылға қонымды техникалық қызмет көрсету және жөндеу, логистикалық есеп және қауіпсіздік жүйелері, сондай-ақ ақылды сорғылар, компрессорлар мен клапандар.
Ағымдағы жылдың ақпан айында «Кселл» Smart Akkol жобасында Smart City технологиялық мүмкіндіктерін таныстыру аясында Ақкөл қаласында өткен барлық Қазақстан әкімдерінің кездесуінде «ақылды қала көліктері» үшін қолайлы шешімдерді көрсетті. Сәуір айында «Кселл» және KazTechInnovations Интернет заттары саласындағы әлеуетті жобалар бойынша компаниялардың ынтымақтастығын айқындайтын меморандумға қол қойды. NB-IoT пилоттық желісінің іске қосылуы – бұл «Кселл» компаниясы үшін Қазақстандағы Интернет заттары желісін белсенді дамыту бағытындағы келесі қадам. Осы желіні коммерциялық пайдалану пилоттық жобаның нәтижелерін талдағаннан кейін жүзеге асырылады.