Бүгін еліміздің үш ұялы байланыс операторлары – «МТС» ЖШС, «Кселл» АҚ және «Кар-тел» ЖШС-нің өкілдері «250+» жобасы аясында желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойды: құжатта жоба жүзеге асатын 1000-ға жуық ауылдық елді мекендердің 600 мың тұрғыны барлық ұялы байланыс операторларының желілеріне қосылуға жағдай жасалған.
«250+» бағдарламасы – бұл Қазақстанның үш ұялы байланыс операторларының қатысуымен жүзеге асатын республикалық ауқымдағы алғашқы инфрақұрылымдық жоба. Жоба аясында негізінен «Қазақтелеком» АҚ жүргізген талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылу арқылы 250 және одан да көп тұрғыны бар ауылдарда жоғары жылдамдықты интернетке қол жетімді болу үшін инфрақұрылым құру жоспарлануда.
Үш оператордың әрқайсысы ауылдарға кең жолақты интернетпен қамтитын өздерінің базалық станцияларының желісін орналастырады. Ағымдағы жылдың ақпан айында осы бағдарламаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылған болатын, сонымен бірге желіні бірлесіп салу және пайдалану стратегиясы келісілген еді.
«Радиожиіліктер мен инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану жобасы инновациялық қызмет түрлерінің пайда болуын ынталандырып, халықтың қалың тобына қол жетімділігін арттыру арқылы қазақстандық нарықтың одан әрі дамуына ықпал етеді. Әлемдегі практикалық тәжірибе көрсеткендей, желілік инфрақұрылымды бөлісу шешімдері кез-келген нарықтық жағдайда тиімді, сондықтан мұндай тәжірибе кеңінен таралады. Мысалы осындай әдістер әлемнің көптеген елдерінде қолданылады (Ұлыбритания, Швеция, Франция, Үндістан, Австралия, Бразилия және т.б.) Ауылдарда интернеттің қолжетімділігін арттыру – бұл елдің түрлі аймақтарындағы әрбір азаматтың байланыс қызметтерін алу құқығын қамтамасыз етудің негізі», – деді ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дарын Тұяқов қол қою рәсімі барысында.
Атап өту керек, бастапқыда стратегия бойынша, басқа операторлардың абоненттері үшін желіге қол жетімділіктің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету көзделген. Үш ұялы компанияның әрқайсысына әр аймақтағы ауылдар бекітіліп берілгендіктен, және бұл ауылдарда үш оператордың абоненттері болғандықтан, ауыл тұрғындарының желіге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, бәсекелестер, өзара «шеринг» моделін қолдануға келісті. Яғни ұжымдық пайдалану және өзара ресурстармен алмасуға мүмкіндік беретін экономикалық моделді қолдануға сөз байласты.
«Бүгінгі қол қойылған келісім бір нәрсені анық көрсетіп берді. Ел тұрғындарын ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін, нарық кешенді әрі әріптестік тәсілмен жұмыс істеуге дайын екендігін көрсетті. Еліміздің кең байтақ даласын, елді мекендердің алыстығын және олардың аз қоныстанғандығын ескерсек, тек осындай жан-жақты елеп-екшелген, экономикалық тұрғыдан негізделген шаралар кешені ғана осы жобаны қысқа мерзімде, жоғары тиімділікпен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «250+» бағдарламасы аясында күш біріктірген үш ұялы байланыс операторының әріптестік тәжірибесінің экономикалық және қаржылық тиімділігі әрі қарай да басқа жобаларда, әлеуметтік немесе коммерциялық бастамаларда қолдануға негіз бола алады», – деп түсіндірді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою ауыл тұрғындарына ұялы байланыс операторларынан бәсекеге қабілетті шарттарда қызмет алуға және қызмет көрсетушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Kcell компаниясы бәсекелестер әлеуметтік мәселелерді шешу үшін біріккенін және жобаның маңызды екенін айтты. Бұл тәжірибе елдегі телекоммуникация нарығының және бүкіл елдің одан әрі дамуы бағытында маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
«Қатаң бәсекелестікке қарамастан, ұялы байланыс операторлары «250+» жобасын жүзеге асыру үшін күш біріктірді. Бұл ауыл тұрғындарына кең жолақты мобильді интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді, және онымен бірге цифрлы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, онлайн-білім алуға, тіпті жаңа заманауи мамандық түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Кең жолақты интернет ауыл тұрғындары үшін телемедицинаға, интернет-банкингке және басқа көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Осылайша, ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықтың шекаралары жойылады. «250+» жобасы елдің экономикалық дамуының драйверіне айналады және елдің әлеуметтік ландшафтын өзгертеді», – дейді «Kcell» АҚ басқарма төрағасы Каспарс Кукелис.
Бір айта кетерлігі, «250+» жобасы әлеуметтік бағдарлама, оның өтелу мерзімі өте ұзақ шамамен 35 жылдан асады. Бұл құрылыс жұмыстарында күрделі шығындардың болуымен, қызмет көрсету кезінде тұрақты операциялық шығындардың болуымен, электр энергиясын жеткізумен, желіні пайдалану шығындарымен сондай-ақ ауылдық жерлерде халық тығыздығының төмендігімен тікелей байланысты. Егер шеринг механизмі арқылы әріптестік құрылмаса, мемлекет жақында енгізетін арнайы салық жағдайы болмаса, бұл жобаны жүзеге асыру экономикалық тұрғыдан мүмкін болмас еді.
Енді республиканың 1000-ға жуық ауылының тұрғындары цифрлы мемлекеттік қызметтерді қолдана алады, қашықтан білім алуға қол жеткізеді, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалу үшін ұялы байланысты қолдана алады. Сонымен қатар, жоғары жылдамдықты Интернеттің ауылдық жерлерге енуі қазақстандық ауылдың экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, өңірлерде мобильді қаржылық қызметтер мен электронды сауданы дамытудың, сондай-ақ ауыл шаруашылығында IoT (Интернет заттар) технологияларын қолданудың қозғаушы күшіне айналады.