Біз машиналардың екінші дәуірінде ресми түрде өмір сүріп жатырмыз, ал 2021 жыл жақында болған пандемияға қарамастан роботтандыруды дамытуда серпінді болады деген болжам бар. Жетекші әзірлеушілердің жаңа идеялары мен бірлескен жобалары өзінің үйрену және салмақты шешім қабылдау қабілетімен таңғалдыратын машиналар жасайды.
Бизнеске қатысты сұрақ – ол осы технологияларды өз процестеріне қосуға дайын ба?
Қазақстандағы ұялы байланыс көшбасшыларының бірі Kcell ұзақ уақыт бойы автоматтандыру мен роботтандырудың даму үрдістерін мұқият зерттеп келеді.
Автоматтандыру – айтарлықтай ауқымды ұғым. Ол туралы адамның қатысуынсыз немесе оның ең аз қатысуымен белгілі бір процестерді орындау қажеттілігі туындаған кезде, мысалы, кейбір деректерді немесе әрекеттерді тексеру кезеңінде айтылады. Өндірістегі механикалық процестерді де, дағдылы бизнес процестерді де автоматтандыруға болады.
Роботтандыру автоматтандырудың шектеулі бөлігін қамтиды, мысалы, Robotic Process Automation (RPA) – бұл ақпараттық жүйелердің әртүрлі интерфейстерімен өзара әрекеттесу арқылы адамның әрекетіне еліктейтін бағдарламалық робот. Бұл жағдайда робот арқылы жұмыс істейтін бағдарлама робот пен адам арасындағы айырмашылықты көрмейді.
Робот не істей алады?
Бизнестің түрлі міндеттері үшін түрлі роботтар қолданылады. Алайда, ең көп сервистік роботтар логистикалық мақсаттар үшін сатылады. Amazon және FedEx сияқты алпауыт компаниялар ақылды машиналарға ерекше назар аударады.
Бірінші кезекте RPA компанияның тактикалық және стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін қолданылады және адамның дағдылы әрекеттерін роботтардың бағдарламаланған қадамдарына айналдыру үшін пайдаланылады.
«Мысалы, біздің компанияның қызметкерлері ақпаратты бір жүйеден екінші жүйеге жиі көшіріп алады, күнделікті есептерді түсіреді, шарт жасасу үшін клиенттің деректерін көшіреді немесе клиенттік сұраныстарын өңдейді, -деп баяндайды Kcell процестерді автоматтандыру бөлімінің басшысы Айдар Жұмекенов. – Күніне қызметкерлер ұқыптылық пен табандылықтан басқа ешқандай арнайы дағдыларды талап етпейтін осындай көптеген операцияларды орындауы мүмкін. RPA дәл осы күнделікті және қайталанатын процестерді адамдардан роботтарға жүктеу үшін қажет».
RPA шешімдерін енгізу және пайдалану адам ресурстарын босатып қана қоймай, сонымен қатар өтемділікке тікелей оң әсер ететін операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Робот тәулігіне 24 сағат аптасына 7 күн жұмыс істейді. Ол шаршамайды, демалысқа шықпайды және «адами факторына» ұшырамайды». Роботтың жүріс-тұрысы болжамды, және нәтижесі де болжамды. Роботтар адамнан тезірек жұмыс істейді және өз әрекеттерінің толық көлемін бере отырып, қойылған міндеттерді әдетте қатесіз орындайды.

Барлығы 2018 жылы, Kcell-дің консалтингтік компаниямен бірлесе отырып, дағдылы бизнес-процестерге талдау жүргізіп, RPA бағытын дамыту қажеттігі туралы қорытындыға келген кезде басталды. Аз ғана уақыт ішінде компания RPA шешімдер нарығын зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар атқара алды. Сонымен қатар компания ішінде қызметкерлердің көп уақытын алатын жаппай, әдеттегі және қайталанатын операцияларды жинау, талдау және таңдау процесі басталды. Компанияның алғашқы роботтандырылған процесі 2020 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылды.
55 000 минут
Жоғары дәлдік, өнімділік және сенімділік сияқты RPA шешімінің анық және жалпы артықшылықтарын пайдаланудан басқа, Kcell-де қызметкерлер арасында сананы өзгерту және роботтар туралы стереотиптерді бұзу арқылы жаңа мәдениеттің қалыптасуы орын ала бастады.
«Алғашқыда адамдарда RPA-роботтарға деген қандай да бір ішкі қарсылық, роботтармен ауыстырылғандықтан жұмыстан айырыламыз деген қорқыныш пайда болды. Бірақ уақыт көрсеткендей, RPA жұмыстан айырмайды, керісінше, күнделікті дағдылы және механикалық іс–қимылдарды машиналарға тапсырып, қызметкерлерге уақыттарын зияткерлік мақсаттарға босатуға көмектеседі», – дейді Айдар Жұмекенов.
2020 жылы Kcell-де сегіз күрделі, жаппай процесс роботтандырылды, бұл адам уақытының шамамен 55 мың минутын босатуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, роботтар қатысқан өтпелі бизнес-процестерде корпоративтік қызметтерді қосу уақытын қысқарту бойынша жақсы нәтижелер алынды.
Kcell бизнес-шешімдерді енгізу бөлімінің басшысы Айдарбек Сұлтан атап өткендей: «RPA шешімдерін пайдалануда кейбір шектеулер де бар. Роботқа кейде адамның терең сараптамасымен қоса интуитивті көзқарасты да қажет ететін тапсырманы беру мүмкін емес. Бұл, мысалы, деректерді тексеруді қажет ететін жұмыс немесе адамның танымдық дағдылары қажет болатын «human touch» деп аталатын жұмыс болуы мүмкін. Бұндай процестерді адамдарға тапсырған дұрыс. Бірақ, машинамен оқыту (ML) және жасанды интеллект (AI) синергиясы қаншалықты тез дамып келе жатқанын және осы бағыттар өз бетінше қалай дамып жатқанын ескерсек, таяу болашақта ағымдағы RPA-шешімдердің барлық кемшіліктерін жоюға қабілетті шешімдерді көретінімізді оптимистік тұрғыдан болжауға болады. RPA технологиясы жұмыс орындарын қысқартуға емес, адамды біркелкі, қайталанатын міндеттерді орындаудан арылтуға, ресурстарды үнемдеуге және неғұрлым маңызды міндеттерді іске асыру үшін уақытты босату есебінен тиімділікті арттыруға арналған».
Кселл компаниясының тәжірибесіне сүйенетін болсақ, адам мен роботтың бірлескен жұмысы ең нәтижелі болып табылады деп сенімді айтуға болады.
РОБОТТЫ ЕНГІЗУ ҚАНША ТҰРАДЫ?
Айдар Жұмекеновтың айтуынша, «барлығы процестің күрделілігі мен ерекшеліктеріне байланысты болады: қанша интерфейс жұмылдырылған, орындау барысында роботқа қандай әрекеттерді қолдану қажет болады. Қарапайым мысал келтіретін болсақ: бірнеше есептерді жүктеу, бір excel файлында деректерді біріктіру және өңдеу, алушылар тізімін талдау, алушылардың әрқайсысына бірегей хабарламалар жасау және хаттар жіберу, бұл процесс RPA әзірлеушісінің орта есеппен 2 аптаға дейін уақытын талап етеді: басталғаннан бастап толық «жауынгерлік» іске қосуға дейін».
«Біздің компаниямызда техникалық/АТ бэк-граунды бар өте мықты мамандар жұмыс істейді, олар роботтандырудың белгілі бір процесін оңтайландыру, ресурстарды бағалау және рентабельділік мүмкіндігіне процестерді жинау мен талдаудан бастап, толық «аяғына» дейін жүзеге асырады», – деп атап өтті Айдар.

«RPA технологиялары кез-келген салада компанияға екінші дем бере алады. Біріншіден, бұл шығындарды азайту және сәйкесінше пайданы арттыру жолы. Екіншіден, міндеттерді орындауға кететін уақытты қысқарту — бизнес-процестерді роботтандыру компанияға басым міндеттерге баса назар аударуға мүмкіндік береді, бұл біздің қызметкерлеріміздің кәсіби дағдыларының дамуына тікелей оң әсер етеді және оларға күнделікті бір қалыпты жұмыстарға алаңдамай, өз әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Үшіншіден, RPA адами қателіктері факторын төмендетеді және сәйкесінше, процестердің дәлдігін арттырады, біз оған әрдайым ұмтылудамыз», – деп атап өтті Юрий Харламов, Кселл компаниясының Басқарма төрағасы.
Әрқашан жетілдіруді, оңтайландыруды және автоматтандыруды қажет ететін процестер болады. Бұл ішкі процестерге де, клиенттермен өзара әрекеттесу процестеріне де қатысты. Kcell-де мұны түсінеді және әрдайым уақытпен бірге қадам басады.