11 қараша, 2021 жыл, Алматы. «Кселл» АҚ ұялы байланыс операторы мен «First Heartland Jusan Bank» АҚ арасында 60,5 млрд теңге сомасына бас несие келісіміне қол қойылды.
Ынтымақтастық аясында Jusan Bank-те Kcell үшін 2024 жылға дейінгі мерзімге несие желісі ашылады. Несиелік желінің нысаналы мақсаты қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыру және ұялы операторды дамытудың бес жылдық стратегиясын іске асыру үшін қарыз қаражатын пайдалану мүмкіндігін көздейді.
«Kcell – қазақстандық телекоммуникация нарығында өзін тұрақты әрі сенімді қатысушы ретінде көрсеткен жетекші қазақстандық ұялы байланыс операторы. Jusan Bank-пен Кселл активтерінің теңгерімдік құнының жалпы мөлшерінің 29%-ын құрайтын ұзақ мерзімді және ірі несиелік мәміле жасасу, әрине, компанияның одан әрі белсенді дамуына үлкен ықпал етеді және жалпы алғанда Jusan экожүйесіне оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті Jusan Bank басқармасының төрағасы Айбек Қайып.
«Kcell мен Jusan Bank-тың ортақ тұстары көп. Стратегиялық тұрғыдан біз өз сегментімізде үздік цифрлық компания болудың үлкен және өршіл жоспарларымен бір бағытта жылжып келеміз. Осы келісіммен біз стратегиялық серіктестігіміздің берік негізін қалаймыз. Бұл жобалардың нәтижесі бірегей экожүйелерді дамытуда банк пен мобильді оператордың табысты ынтымақтастығы болатынына сенімдімін. Біз еліміздің инновациялық қаржы институттарының біріне қолдау көрсетіп, бізге сенім білдіргені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қол қойылған келісім Kcell-дің жоғары несиелік сапасының айғағы», – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Юрий Харламов.
Тартылған қаражатты байланыс сапасын жақсарту үшін, оның ішінде ауылдық елді мекендерде де интеграцияланған желіні өрістетуді; жаңа цифрлық биллинг жүйесін енгізуді, сондай-ақ 5G бесінші буыны желісін өрістетуді көздейтін 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асыру үшін пайдалану жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Кселл» АҚ Директорлар кеңесі 2021 жылғы 29 қазанда «First Heartland Jusan Bank» АҚ-дан сыртқы қаржыландыруды тартуды мақұлдады.
Jusan Bank туралы
«First Heartland Jusan Bank» АҚ (Jusan Bank) – Қазақстанның ең ірі банктерінің бірі. Банк әмбебап профильді дамытуда, сонымен қатар банктік сервистерден басқа сақтандыру және брокерлік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін өзінің экожүйесін қалыптастырып, Jusan Дүкені маркетплейсіне қолжетімділік ашуда. Банк корпоративтік клиенттерге, жеке тұлға клиенттерге, шағын және орта бизнес субъектілеріне, Private Banking клиенттеріне банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады. Өңірлік желілерінің, сондай-ақ қолданыстағы цифрлық сервистері – Jusan және Jusan Business арқасында Банк қызметінің ауқымы бүкіл Қазақстанды қамтиды. Банктің қаржылық тұрақтылығы жетекші халықаралық рейтингтік агенттігінің берген бағасымен расталады – 2021 жылдың маусым айында Moody’s Investors Service Jusan Bank-ке ұлттық және шетелдік валютадағы депозиттер бойынша B1 деңгейінде ұзақмерзімді рейтинг берілді. Рейтингтер бойынша болжам «Тұрақты».
Kcell компаниясы туралы
Kcell – цифрлық телекоммуникациялық қызметтерді: мобильді байланыс пен орнықты байланыстың (FMC) конвергенттік қызметтерін, деректерді беру және интернетке қол жеткізуді, қаржылық сервистерді, цифрлық сервистер мен мобильді қосымшаларды, жүйелік интеграцияны, заттардың интернетін, машинааралық өзара іс-қимылды (machinetomachine), үлкен деректерді жинау және өңдеу және бұлттық есептеулер саласындағы АТ-шешімдерді ұсыну жөніндегі ұлттық қазақстандық оператор . Смартфон + тариф сервисін ұсыну бойынша Қазақстандағы көшбасшы оператор.
Kcell мобильді қаржы қызметтері, мобильді теледидар, онлайн фильмдер, музыка, кітаптар мен журналдар сияқты қосымша қызметтердің арқасында, сондай-ақ корпоративтік клиенттер үшін бірегей бизнес-шешімдер әзірлеудің арқасында бәсекелестік артықшылығы бар Қазақстанның ірі цифрлық экожүйесіне айналды . Компания сатылас, инфрақұрылымдық шешімдер стратегиясын іске асыру, инновациялық технологияларды дамыту және енгізу есебінен В2В нарығында жетекші орынға ие. 4G/LTE желісімен қамту саласы Қазақстан Республикасы халқының 67,5% -ын қамтиды және қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді.
Компания клиенттерге қызмет көрсетудің жоғары сапасының арқасында жоғары бәсекелі телекоммуникациялық нарықтарда өзін жақсы көрсеткен Kcell және activ брендтерімен ұсынылған. Нақты мультибрендті сәулеттің арқасында Kcell топтамалық қызметтерге қатысты оңтайлы баға белгілеу, клиенттік базаның табыстылығын және желі сапасын басқару есебінен В2С сегментіндегі бизнестің тиімділігін арттыруда.