Kcell мен Ericsson 5G технологиясын өрістету жолында ынтымақтастығын нығайтуда

  • Қазақстандық ірі ұялы байланыс операторы Kcell 5G (5G RAN) радиоқолжетімділік желісі бойынша серіктес ретінде Ericsson компаниясын таңдады
  • Ericsson Алматы, Шымкент және басқа да облыстарды қоса алғанда, негізгі өңірлерде 5G орнату бойынша Kcell-дің негізгі серіктесі болады
  • 7 жылдық серіктестік Қазақстанның цифрлық дамуын жеделдетіп, 5G технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған

Табысты ынтымақтастықтың 25 жылдығына орай Kcell мен Ericsson бүкіл Қазақстан бойынша 5G технологиясын, оның төңірегіндегі қызметтерді кеңінен енгізіп, дамытуға бағытталған әріптестікті нығайтатынын қуана хабарлайды. Бұл ынтымақтастық 5G-ге қосылу дәуірінде маңызды қадам екенін, әрі салалық өнеркәсіп пен тұтынушылар үшін әлеуеті мол екенін білдіреді.

2023 жылдан 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын серіктестік аясында екі ұйым да инновациялық жобаларды ынталандырып, экономикалық өсу қарқынын арттыру және елдің технологиялық инфрақұрылымын нығайту үшін бірлесіп жұмыс істейді.

Тараптар Қазақстанның кемінде жартысын қамтитын едәуір аумақта Ericsson компаниясынан 5G жаңа технологиясын енгізбекші. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және басқа да бірқатар өңірді қосқанда маңызды облыстарға желі тартылады. Бұл ынтымақтастықтан қос компанияның  ауыл мен қалалық жердегі кең жолақты ұялы байланыс сапасын жақсартып, халықтың басым бөлігін 5G-мен қамтамасыз етуге мүдделі екенін көруге болады.  5G орнатудың негізі SingleRAN (бірыңғай радио қолжетімділік желісі) тәсілін енгізу болып табылады. Бұл тәсіл қолданыстағы 2G, 3G және 4G инфрақұрылымын 5G технологиясымен біртіндеп біріктіруді көздейді, соның арқасында желілік ресурсты тиімді пайдаланып, жаңа технологияға көшу жеңілдейді.

«Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков атап өткендей, алдыңғы байланыс буындарына қарағанда 5G сымсыз байланыстың біртіндеп жақсарып келе жатқан, соның ішінде жылдамдығы жоғары, кідірісі төмен, сенімді, құрылғылардың «мығым» болуы, қуат тұтыну ерекшелігі секілді эволюциялық әлеуетімен ғана емес, сонымен қатар революциялық әлеуетімен құнды, яғни виртуалды және кеңейтілген шынайылық (AR/VR), өнеркәсіптік интернет (IІoT), робот, ұшқышсыз көлік пен дрондарды нақты уақыт тәртібінде басқаратын қосымшалар үшін жаңа байланыс қызметтерін құруға мүмкіндік беретін ерекшеліктерге ие.

Сонымен қатар, 5G технологиясы тек ұялы байланыс операторларының желісінде ғана емес, кабель тартуға мүмкіндігі жоқ сәулет жағынан ыңғайсыз аймақтарда, сымды «соңғы мильдің» баламасы ретінде үй абоненттері мен бизнес клиенттері үшін сымсыз тұрақты қол жетімділік үшін де қолдануға болады. Әрине, «тіркелген сымсыз қолжетімділік» 5G-ге дейін болған, бірақ радиобайланыстың жақсы сипаттамалары мен кең диапазондарының арқасында 5G жоғары жылдамдық пен сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, 5G бизнесті қоса алғанда, цифрлық трансформацияның негізгі құрылымы бола алады.

Kcell басшысы  Асхат Өзбековтың айтуынша: «5G-ге көшу айналасында экожүйелер қалыптасатын технологиялық платформалар стегін құруға мүмкіндік береді, әрі байланыс операторы осы технологиялық платформалар жүзеге асыратын және экожүйе серіктестеріне ұсынылатын платформалық қызметтің провайдеріне айналады. Оператор цифрлық қызметтерді өзі құрып, ұсына алады, яғни қазіргі кездегідей соңғы қызметтердің провайдеріне айналады, бірақ бұл қызметтерді енді анағұрлым жылдам, сонымен қатар әлдеқайда көп және алуан түрлі етіп жасайды. Ericsson-мен ынтымақтастық бізге осы мүмкіндіктердің барлығын тиімді және үйлесімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын».

Ал Оңтүстік-Шығыс Жерорта теңізі және Еуразия аймағындағы Ericsson басшысы Андреа Миссоридің айтуынша, «Ericsson мен Kcell арасындағы бұл серіктестік Қазақстанның жаһандық телекоммуникациялық инновациялардың алдыңғы шебінде орнығуына септігін тигізбек. Екі компания да экономикалық өсім, технологиялық ілгерілеу мен қоғамның дамуына ықпал ете отырып, 5G технологиясы мен қызметтерін енгізуді жеделдету үшін өзара тығыз, әрі нәтижелі әрекеттеспек».

Scroll to Top