Өткен жұмада InterСontinental Almaty қонақүйінде қазақстандық БАҚ өкілдерінің тоғызыншы «Media Құрылтай 2016» конференциясы өтті. «Кселл» үшінші жыл қатарынан оның ресми серіктесі болды.
Media Құрылтай – БАҚ, билік және бизнес өкілдерінің пікір алмасуға арналған дискуссия алаңы. Конференцияда жыл сайын саланың ағымдағы мәселелері, оларды шешудің жолдары және Қазақстанның медианарығын келешекте дамытудың стратегиясы талқыланады.
Пікір алаңының негізгі ерекшелігі – ұйымдастырушылар шараға республиканың бұқаралық ақпарат құралдарының барлық спектрінің өкілдерін қатыстыруға тырысады. Мемлекеттік және оппозициялық басылымдардың, республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен салалық министрліктер шенеуніктері бір залда бас қосады.
Биыл конференцияның басты тақырыбы отандық медианарықтың жаңа ақпараттық мемлекеттік саясат жағдайындағы өзгерістері болды. Атап айтқанда, Media Құрылтайға қатысушылар қолданыстағы заңнамаға жоспарланып отырған бұқаралық ақпарат құралдарын реттеуге қатысты түзетулерді талқылады. Бұған қоса, спикерлер ақпаратты ұсынудың жаңа стандарттары мен журналистік қауымдастықтың қоғамның жаһандық ақпараттандырылуы жағдайындағы жауапкершілігі туралы да пікірлесті. Конференция шеңберінде қатысушыларға «Мобильді журналистика», «Дата-журналистика», «Қазақстандағы мәліметтер журналистикасы: мүмкіндіктер мен әдістер», «Қысқа видео – сторителлинг құралы. Мобильді контент жасау дағдылары» тақырыптарында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы 200-ден астам делегат қатысты.
«Біздің компания үшінші жыл Media Құрылтайға қолдау көрсетіп отыр. Бұл біз үшін игі дәстүрге айналды. Бастысы, меніңше, бұл алаң біздің медианарыққа әрдайым тонусты сақтауға, тоқтаусыз өзгеріс жағдайында бәсекеге қабілетті болуға және әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жаһандық сын-қатерлерге тиісті деңгейде үн қатуға мүмкіндік беретін шешімдер жасауға ықпал етеді», — дейді «Кселл» АҚ Корпоративтік байланыстар менеджері, Наталья Еськова.